Шығыс Қазақстан облысына 2 жылда 1,5 трлн теңге инвестиция тартылады
Шығыс Қазақстан облысына алдағы екі жылда 1 жарым триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Президент қабылдауында айтты. Ол қазір өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Мәселен, алдағы уақытта 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салынады. 600 шақырымнан астам жол жөнделеді. Жыл соңына дейін облыс тұрғындарының барлығын сумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл бағытта 14 миллиард теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылады. Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.

