«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 2,3 трлн тенге қарастырылады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 2,3 трлн тенге қарастырылады

Оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысыммен оқыту және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс. Ол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының маңызы зор. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2,3 трлн теңге қарастырылуда. Жоба аясында алдағы екі жылда  369 заманауи мектепті, оның ішінде биыл 217-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі мәлім етті. 

 

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте 160 астам білім ошағы ауылдық жерлерде бой түзейді. 

 

Сонымен қатар, оларды салуға қойылатын жаңа талаптар да бекітілді. Мәселен, құрылыс материалдары мен жиһаз толыққанды отандық өндірушілерден алынуы тиіс. Күзет қызметі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да бірнеше шарттар қарастырылған. Ғимараттар жедел басқару орталығына шығатын цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде бұғаттау жүйелерімен қамтамасыз етілуі қажет. 

 

Ұлттық жобаға сай мектептердің іргесін қалау және оларды уақытылы қолданысқа беруге «Самұрық-Қазына Construction» жауапты. Сонымен қатар,   жергілікті әкімдіктердің инвесторлардан дайын ғимараттарды сатып алу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асады. Премьер-министр әлеуметтік маңызы бар Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы әрдайым үкімет бақылауында болу керектігін қатаң ескертті.  

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі: 


– Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Әкімдіктердің назарын осыған аударғым келеді. Ол үшін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ашылып, балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс. Әріптестер, Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органдардан нақты іс-қимылдарды талап етемін.