1 наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтеді

Астаналық визажист Азиза Гулямованың Instagram парақшасына жариялаған видеосы көпшілікті тәнті етті. Видеоның астына жүздеген адам жағымды пікір қалдырып,  жақындарымен бөліскен. Бастысы – қаралымы жарты миллионға жетті. Бұл шағын видео ұлттардың күштеп Қазақстанға көшірілгені туралы. Ол кезде Кеңес Одағы билігінің шешімімен жүздеген мың адам баспанасынан айырылып, ұшы-қиыры жоқ кең далаға жер аударылды.

 

Азиза Гулямова, Астана қаласының тұрғыны:

 

– Бүгінде Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мен өз өмірімдегі екі басты оқиғаны жақсы білемін. Ол түрік халқының – месхеттіктердің күштеп көшірілуі. Менің қызым да месхет түркінің ұрпағы.  Халқымызды 1944 жылдың 14 қарашасында жаппай көшірді. Екінші оқиға – 23 қаңтардағы вайнахтардың күштеп көшірілуі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 200 мыңға жуық түріктер өмір сүреді. Олардың диаспоралары бар. Барлық салт-дәстүр мен тіліміз сақталған. Алайда қазақ халқымен де етене араласпыз.

 

Месхет түріктері диаспорасы өкілдерінің бірі – Мави Валиева. Ол Азизаның тобында 3 жылдан астам уақыт hair-стилист болып жұмыс істеп келеді. Осы аралықта оларды ынтымағы берік топтағы жұмыс қана емес, отандары – Қазақстанға деген махаббат біріктіреді. Себебі, оларға кішкентай кезінен отбасында жүздеген мың көшіп келген жандарға қазақтардың қалай көмектескендігі туралы айтылып, ойларына сіңірген. Оларды бұрын-соңды көрмеген жерге суық жүк вагондарында тасымалдаған. Солардың арасында Мавидің атасы да болған.

 

Мави Валиева, Астана қаласының тұрғыны:

 

– Біз әр апта сайын ата-әжелеріміздің үйінде жиналатынбыз. Отбасымызда 8 бала бар. Әр жиналғанымызда салт-дәстүрлерімізді үйренетінбіз, әрі бізге қандай қиын күндерді бастан өткергеніміз туралы айтылатын. Гүржістанға қайта көшкендер мен Түркияға қоныс аударғандар да бар. Бірақ менің ата-анам ешқайда көшкісі келмейді. Олар Қазақстаннан кетпейміз дейді. Себебі, оларға елімізде барлығы ұнайды. Олардың қазақ халқына деген алғыстары шексіз. Түркияға қонаққа барғанда да, қазақ болып кеткенімізді айтып қалжыңдасамыз.

 

1944 жылдың ақпанында Қазақстанға 400 мыңға жуық шешен-ингуш отбасы көшірілді. Олардың ішінде Албаковтар жанұясы да болды. Бүгінде олардың ұрпақтары қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келеді, әрі қазақ тілін еркін меңгерген. Сондай-ақ, әр мейрамда дастарханға вайнахтардың дәстүрлі тағамдарымен бірге қазақтың да ұлттық тағамдары – ет пен бауырсақты қатар қояды. Әсіресе, көпұлтты Қазақстанның бірлігінің белгісіне айналған – Алғыс айту күнінде ерекше дастархан жайылады.

 

Тамила Албакова, Астана қаласының тұрғыны:

 

– Мен үшін, менің халқым үшін бұл мерекенің алар орны ерекше. Бізден артық елімізге, жұртымызға, қазақ халқына және Қазақстанға алғысын білдіретін, сірә, ешкім жоқ шығар. Олар бізді асқан ілтипатпен қарсы алып, аса ауыр кезде қол ұшын созды. Бұл – біздің ортақ үйіміз, атамекеніміз. Біз қазақ халқының дәстүрлерін ұстанамыз, әлбетте, өз салтымызды да ұмытпаймыз.

 

Айта кетейік, Қазақстанға өзге этнос өкілдері де күштеп көшірілген. Нәтижесінде, еліміз 124 ұлттың ортақ үйіне айналды.