Алматыда сақ дәуірі жауынгері жерленген қорым табылды

Алматыдағы ең ірі қорғандардың бірінен сақ дәуірі жауынгерінің жерленген жері табылды. Археологтар қорымның уақытын да анықтай алды. Олардың пікірінше, ол біздің дәуірімізге дейінгі V-II ғасырларға тиесілі. Ал сақ жауынгерінің жас шамасы 50-ден асқан. Дене тұрқы ірі болғанын сүйек қаңқаларынан байқауға болады. Қорымнан қылыштың сынықтары мен күміс қорытпасынан жасалған киімнің қалдықтары, сонымен қатар оны безендірген бұйымдар да қоса табылды.

Мұрат Нұрпейісов, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚМ аға ғылыми қызметкері:

- Біз бұны анық сақ дәуіріне жатады, деп айта аламыз. Алтын қолаға жапсырылған деп отырмыз. Аңның суретімен бедерленген. Біздің болжамымыз бойынша мұнымен қанжарды немесе семсерді безендіруі мүмкін. Киімді әшекейлеуге келмейтін сияқты. Себебі алтыны ірілеу. Бұған қатысты зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізетін боламыз.

Қорғаннан табылған көптеген заттар бұл сақ ескерткіші екенін және ерте темір дәуіріне жататынын сенімді түрде айтуға негіз береді. Мысалы, спираль түріндегі қола пластина - күн белгісі былғарыдан жасалған бұйымдар мен қару-жарақтарға саланып, безендірілген. Дегенмен, ою-өрнек сол кездегі жауынгерлерге тән емес, дейді археологтар.

Мұрат Нұрпейісов, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚМ аға ғылыми қызметкері:

- Мүмкін, бұл импорттың бір түрі болуы мүмкін. Ал, Алтайдағы пазырық мәдениетін кең көлемде зерттеу нәтижесінде ол кезде импорт жеткілікті болғанын білеміз. Біздің білуімізше, ол кезде Қытай елімен сауда жақсы жүрген. Яғни, тікелей сақ өнімдерінен бөлек импорт жеткілікті болды. Менің ойымша, бұл жерде әңгіме белбеуге қатысты болып тұр. Бұйымда жануарлар стиліндегі мотивтер болмағандықтан, мұнда өсімдіктің бір түрі болуы әбден мүмкін. Ең бастысы, сақ мәденитіне тән емес бұйымдар бар. Біз толық орнатқан жоқпыз.

Археологтардың айтуынша, бірегей қорым табылған жерде қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Ғалымдар мұнда әлі де тарихқа тың жаңалық енгізетін дүниелер бар екенін айтып отыр.