Бопай Ханым – қазақ жасағына қолбасшы болған ержүрек ана
Ұлт анасы, ел данасы, халық тірегі бола білген аузы дуалы мәмілегер, ойы ұтқыр саясаткер. Бұл – шежіремізде есімі алтын әріппен жазылған, алайда бүгінге дейін әлі сахналанбаған тарихи бейне. Елордада алғаш рет «Бопай Ханым» тарихи трагедиясы қойылды. Әбілқайыр шаңырағының ұйытқысы болумен қатар Бопайдың қайраткерлік тұлғасы, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі.
Жұлдызбек Жұманбай – қойылым режиссері:
- Халықтың аузында айтылып жүрген Бопай мен Әбілқайырдың махаббаты «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыр дастанындағыдай дейді. Екеуінің махаббаты маған қызық болды. Бопай – қазақ аналарының ішіндегі үлкені. Өйткені ол оған еліктеуге, құрметке лайық.
Елдің абыз анасы ұлдарымен бірге талай жорыққа қатысып, қазақ жасағына қолбасшы болғаны тарихтан мәлім. Қойылымдағы оқиғалар желісі тегістей мұрағат, ел аузында қалған шежірелі дереккөздерден құрылған. Пьесада Әбілқайыр хан қаза тапқаннан кейінгі кезең суреттеледі. Яғни Нұралы ханның билікке келуі, патшайыммен арадағы келіссөздер және Барақ сұлтанның өлімі секілді оқиғалар қамтылған.
Роза Мұқанова, «Бопай Ханым» туындысының авторы, жазушы-драматург:
- Бопай Ханымды жазу оңай болған жоқ. Тарихи тұлға, Әбілқайырдың жары, серіктесі, ерімен бірге ат үстінде найза ұстап жүрген қазақтың қаһарман қызы. Бұл ана ретінде де, ханның серіктесі ретінде де, хан дүниеден өткеннен кейінгі елдің тағдыры, Қазақ хандығының тағдыры, осы дүниелерді алдық. Бопайдың қайраткерлігін, қаһармандығын көрсету арқылы елді сүю, ханмен халықтың біріккен кезде ғана ұлы мұраттарға жете алатындығын айтқым келді. Негізгі идея осы.
Қазақ – қызын қашанда жоғары бағалап, құрметтей білген халық. Туынды авторларының айтуынша, Бопай образында тарихи дәуіріміздегі барша қыз-келіншектер мен аналардың жинақталған бейнесін көруге болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов