Central Asia Nobel Fest: білім берудегі трендтер
3,5 млрд-тан аса адамды цифрлық біліммен қамту. БҰҰ-ның Балалар қоры осындай батыл мақсат қойып отыр. Central Asia Nobel Fest шарасы барысында ЮНИСЕФ-тің білім мәселелері жөніндегі жаһандық бағдарламасының басшысы пандемияның салаға қалай әсер еткені туралы айтып берді. Оның сөзінше, карантин шараларының кесірінен әлемдегі 1,5 млрд-тан аса бүлдіршін мектеп партасына отырып, білім алу мүмкіндігінен айырылған, ал 800 млн-нан аса оқушы әлі де қашықтан оқуға мәжбүр. Алайда ол бұл жағдай саланың мүмкіндіктерін қайта бағалап, тың шешімдер қабылдауға итермелегенін жеткізді. «Цифрлық технологиялар мен инновациялардың көптеп ендірілуі бұл ретте жаңа жағдайлар тудырады», – деді ұйым өкілі.
Роберт Дженкинс, ЮНИСЕФ-тің Білім мәселелері жөніндегі жаһандық бағдарламасының басшысы:
- Біз жоспарлап отырған цифрлық оқыту басты қызметтер қатарына ендіріліп, білім беруде нағыз серпіліс жасайды деп ойлаймыз. Әлемдік деңгейдегі білім беру, бірінші кезекте, оқушыға бағдарланған. Яғни баланың қай елде және жағдайда өмір сүретініне қарамастан, ең негізгі деген цифрлық дағдыларды меңгеруге басымдық беріледі. Сондай-ақ цифрлық оқытудың жаһандық құралдары әр мемлекеттің жағдайларына бейімделетін болатын.
Еске сала кетейік, ғылым апталығы шеңберінде ұйымдастырылған фестивальде экономика, білім және инновация салаларындағы әлемнің ең озық сарапшылары, Нобель және өзге де беделді сыйлықтардың лауреаттары қатысуда. Биыл онлайн өткен шараға 20 мыңнан аса қатысушы жиналды. Қызығушылық танытқандар үшін барлық пікірталас YouTube желісінде қолжетімді.
Авторы: Ақзер Сегізбай