Қ.Тоқаев мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды

Қ.Тоқаев мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Бүгін Астанада Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысы өтті. Шара Алматы декларациясының 45 және Астана декларациясының 5 жылдығына арналды. Құжаттар халықаралық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруде үлкен рөл атқарды. Алматы декларациясы көптеген елдің халық денсаулығын жақсарту үшін шара қабылдауына, оны адамның іргелі құқығы ретінде мойындауына түрткі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады.

Бүгінгі күні алғашқы медициналық-санитарлық көмек тосын сын-қатерлерге қарсы әрекет ету ісінде маңызды рөл атқарады. Бұл эпидемияның белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Президент қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдары орнықтылығын және туындаған жағдайға тез бейімделе алатынын көрсеткеніне назар аударып, адамзаттың COVID пандемиясын еңсеруіне үлес қосқаны үшін барлық медицина қызметкеріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің дамуы туралы тоқталды. Телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді.

Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесус пен ұйымның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгемен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның пандемиядан кейін аталған саланы қалпына келтіру, халық денсаулығын сақтау ісіндегі негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға белсенді түрде кіріскенін айтты. Кездесуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық, Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.