Қазақстан Қытайға бағытталған жаңа темір жол құрылысын бастады

Қазақстан Қытайға бағытталған жаңа темір жол құрылысын бастады

Қазақстан Қытайға бағытталған жаңа темір жол құрылысын бастады. Құрылыс жұмыстарын ресми түрде Премьер-Министр телекөпір арқылы іске қосты. Абай облысындағы «Аягөз-Бақты» желісі еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға көмектесіп қана қоймай, екі ел арасындағы жүк тасымалының өткізгіштік қабілетін 28 млн тоннадан 48 млн тоннаға дейін арттыруға көмектеседі. Оның ішінде, қазақстандық экспорт көлемін еселей түсіп,  еліміздің Оңтүстігіндегі өткізу бекеттерінің жүктемесін азайтып, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтеді. Екі жолдың теміржол желісінің ұзындығы 272 шақырым. Ол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Айта кетсек, жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
Теміржол құрылысы - бұл елдің экономикалық әлеуетін арттырудың құралдарының бірі. Соңғы жылдары контейнерлік, транзиттік тасымал көлемі едәуір өсіп келеді. Транзиттік дәліздер кеңеюде. Бүгін, міне соның ішіндегі ірі жобалардың бірі - Бақты-Аягөз теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жобаның арқасында жүк тасымалының бір бөлігі Бақты-Аягөз теміржол желісіне және Бақты-Шәуешек халықаралық шекара бекетіне бағытталады.

Александр Степура, Темір жол саласының ардагері:
-
Аягөз-Бақты бағытындағы темір жол құрылысы – экономика талабы. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші өткел. Ал, Қазақстан арқылы бұл Еуропа мен Ресейге апарар жол. Осы жол бағытында 11 бөлу пункті де бар. Жол бойындағы барлық ауылдар қажет болған жағдайда жолға қызмет көрсете алады. Өз кезегінде ауылдардың дамуына да жол ашылады. Себебі, темір жол халықтың көшіп келуіне көмектесіп, инвестиция салуға себеп болады. Бұл ауылдар жаңа экономикалық даму кезеңін өткереді. Ең бастысы шалғайдағы және шекара жанындағы аудандар дамиды. Сондықтан, осы теміржол барлық жағынан тиімді деп санаймыз.

Айта кетсек, теміржол саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қараша айында «Достық-Мойынты» учаскесінде екінші жол құрылысы басталды. Сонымен қатар биылдың өзінде Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі мен «Дарбаза-Мақтаарал» желісінің құрылысы басталған еді. Жалпы, елімізде 3 жыл ішінде 1300 шақырым теміржол салынады.