БАӘ 2005 жылдан Қазақстан экономикасына 3 млрд долларға жуық қаржы құйған

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері инвесторларын қолдау мен қорғау шаралары күшейтіледі. Сенат осыны көздейтін келісімді қабылдады. Құжат тараптардың іскерлік ынтымақтастығын ынталандыруға бағытталған. Бұл бекер емес. Қазір еліміздің аумағында БАӘ капиталының қатысуымен 371 заңды тұлға тіркелген. Бүгінде Қазақстан Парсы шығанағындағы негізгі серіктесімен жалпы құны 5,1 млрд доллар болатын 22 жобаны іске асырудың түрлі сатысында тұр. Әмірліктерден биылдың алғашқы жартысында келген инвестициялар ағыны былтырдың сәйкес кезеңінен 2 есе артып, 128 млн долларды құрады. Әмірлік 2005 жылдан Қазақстан экономикасына 3 млрд долларға жуық қаржы құйған.

Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

Келісім инвесторлардың өз қызметін жүзеге асыру кезінде олардың құқықтарының кепілдіктерін бекіту жолымен ынтымақтастық үшін құқықтық негіздер құруды көздейді және халықаралық арбитражға қол жеткізуді қамтамасыз ету және мәжбүрлеп иеліктен шығарудан қорғау, шет елдер үкіметтерінің шетелдік инвестицияларға әділ және тең қатынасын қамтамасыз етеді. Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.