Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз бірігіп, Жаңа Қазақстанды құруға кірістік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент қазіргі таңда Үкіметтің алдында ауқымды міндер тұрғанын атап айтты. «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді Президент. Мемлекет басшысы қасіретті қаңтар оқиғасына айрықша тоқталды. Ол мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін мемлекет тарапынан барлығы жасалатынын және қанды қылмысқа жауаптылар тегіс жазаланатынын атап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қасіретті қаңтар оқиғасы мен төтенше жағдай кезінде әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 2 мыңға жуық адам ұсталды. Содан кейін мен Бас прокуратураға олардың кінәсінің дәрежесін анықтау және мән-жай асқынбаған жағдайда ұсталғандардың жазасын жеңілдету жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесінде көптеген азамат босатылды. Бұл ретте ауыр қылмыс жасағандар заң алдында толық жауап береді. Басқаша жасау, арандатушылар мен популистерге кешіріммен қарау бұл – жазықсыз қаза тапқандарға жасалған сатқындықпен тең.