Қазақстан мен Франция қылмыстық істерді тергеу кезінде бірлесіп әрекет жасайды

Құжатты еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев таныстырды. Айтуынша, онда құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібі бекітілді. Сондай-ақ, одан бас тарту үшін негіздер айқындалған. Сонымен қатар, тараптар бір-біріне мүлікті тінту немесе тәркілеу туралы сұрау жібере алады. Келісім екі жаққа да теңдей қылмыс жасады деген күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін іс жүргізу әрекеттерін жасауға рұқсат етеді. Онда көзделген іс-шаралар қатарында қамауда отырған адамдарды уақытша тапсыру жағы да қарастырылған. Бұған қоса шарт талаптары қадағалау органының өкіліне  тергеулердің толықтығын қамтамасыз ету, куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алу, заттай дәлелдемелерді тәркілеу үшін сұрау салу мүмкіндігін береді.

Әсет Шындалиев,  ҚР Бас прокурорының орынбасары:

-Шартта сонымен қатар құқықтық көмектен бас тарту негіздері белгіленген. Атап айтсақ, ел егемендігіне, қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін болса, адамның ұлты, діні, жынысы, саяси немесе идеологиялық сеніміне қатысты саяси сипатта болса, ескіру мерзімі өтіп кетсе, сұрау салуды орындау тараптардың заңнамасына қайшы келсе құқықтық көмек берілмейді. Шарт осы мәндес халықаралық келісімдер негізінде жасалған. Жалпы Қазақстан осындай шартты 29 мемлекетпен бекітті.