Қазақстандық әуе компаниялар Еуроодақтың қара тізіміне кірмеді

Қазақстандық әуе компаниялар Еуроодақтың қара тізіміне кірмеді

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі жоғары деңгейде. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мамандары оны 84% бағалады. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен 15% жоғары.

Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Пандемия өз түзетулерін енгізді. Бірақ қазір шектеулер біртіндеп жеңілдеп жатыр. Қазақстан арқылы өтетін жаңа бағыттардың дамитынына сенеміз.

Еске сала кетейік, Қазақстандық әуе компаниялар Еуроодақтың қара тізімінде жоқ. Еліміздегі ұшу қауіпсіздігі деңгейінің одан әрі артуына Еурокомиссияның мобильдік және көлік департаменті арасындағы ынтымақтастығы өз септігін тигізеді.

Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Арнайы азаматтық әкімшілік құрылып, бірнеше жыл ішінде жақсы нәтиже көрсете алды. Еурокомиссия мүшелері оң бағасын беріп отыр. Былтыр Еуропа азаматтық авиация конференциясының мүшесі атандық. Соған сәйкес Еуроодақ қазақстандық авиакомпанияларға шектеу шараларын қолданбауы тиіс.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының айтуынша, еліміздің 12 әуежайында «ашық аспан тәртібін» енгізу керек. Әуе айлақтары тек тікелей рейстерге ғана емес мәселен, Жапония немесе Оңтүстік-Шығыс Азияға Қазақстан арқылы өтетін транзиттік сапарлар үшін де жарамды болуы тиіс. Яғни ұшу қауіпсіздігінің жоғары стандарттарына сай болу керек. Ал ол үшін еуропалық серіктестермен тәжірибе алмасу өз септігін тигізері сөзсіз.