Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытында үйірмелер ашылуда

Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытында үйірмелер ашылуда

Ұлттық дәстүрді ұлықтап, төл өнерді төрге шығару. Түркістан облысының қолөнер шебері Алмагүл Есенқұлова – өз ісінің нағыз жанашыры. Ол киізден бұйым жасаудың қыр-сырымен бөлісіп, өнер клубын ашуға мемлекеттік грант алған. Ауыл балалары сабақта қой жүнін иіріп, киіз басып, былғарыдан түрлі өнім дайындап, экосөмкелерді жасайды.

Алмагүл Есенқұлова, қолөнер шебері:

- Қазіргі заманда балалардың есіл-дерті телефон болып кетті. Сондықтан ата-аналар тарапынан «қолөнеріңізді біздің балалар үйренсе екен» деген ұсыныс түсті. Бұл үйірмені сол ата-аналардың демеуімен бастап кеттім.

Ақтаулық Әбуғали Мыңбаев та мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болған. Шебер шағын студияны жалға алып, жұмысына керек материалдарды сатып алған. Көркем сурет үйірмесі аптасына екі рет өтеді. Ал оның ендігі мақсаты – жыл соңына дейін балалар шығармашылығы көрмесін өткізу.

Ақмаржан Тынышбек, 2-сынып оқушысы:

- Кішкентай кезімнен сурет салуды ұнатамын. Өскенде стилист болғым келеді. Осы үйірменің арқасында әдемі суреттерді салуды үйреніп жатырмын. Қазір біз жеміс-жидектерден бастадық.